Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы халыққа арнайтын Жолдауынан ел игілігі жолында жүзеге асатын жаңа бастамаларды күтетініміз анық. Осы жолы Президентіміз елімізде қордаланған біраз мәселелерді шешу үшін ұтымды ұсыныстарын жеткізіп, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдау барысында аудан әкімдеріне жергілікті бюджетті басқару құқығын бергенді жөн деп санап, оның тиімді жақтарына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, аудан әкімдерінің жергілікті бюджетті басқаруы – ол ең алдымен сол жердегі мәселелерді жедел шешу үшін қажет. Сонымен қатар, ел Президенті жергілікті бюджетке жиналатын салыққа қатысты жеңілдіктерді анықтау құқығын аймақтардың өзіне беру мәселесін қарастыру керектігін алға тартты. Бұл шара бизнестің дамуына үлкен серпіліс әкелмек.
Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл ұсынысы өте орынды деп санаймын. Расымен, егер аудан басшылары жергілікті бюджетті өздері басқара білсе, өңірде қордаланған мәселенің шешілуі де уақыт күттірмейтіні анық. Бұл бір жағынан ауданның дамуына үлкен ықпал етеді деп ойлаймын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдау аясында жоғарыда айтылғаннан бөлек, басқа да саланың ілгерілеуіне қатысты пікірін білдірді. Үкіметке тиісті тапсырма беріп, дамыған ел болу үшін қандай жұмыстар атқару керектігін жеткізді.
Президенттің жауапты басшыларға жүктеген міндеті мүлтіксіз орындалсып, саясаты жүзеге асып жатса, еліміздің келешегі жарқын болады деген сенімдемін.
Несіпбала Әбділдаева,
Қарасай аудандық Қоғамдық кеңестің мүшесі, Қарасай ауданының Құрметті азаматы.