АБДИЛЬДАЕВА НЕСИПБАЛА АБЕНОВНА
ҚАСКЕЛЕҢ ГУМАНИТАРЛЫ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ
Білімі жоғары, Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтын, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген.
Еңбек жолын Қазақ темір жол бөліміңде оператор болып бастады, Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер, Қарасай ауданы әкімшілігінде бөлім басшысы қызметін атқарды.
1994-2008 жылдар аралығында Қарасай ауданында Қаскелең қаласында орналасқан С. Жандосов атындағы №11 кәсіптік мектептің директоры болды. Абдильдаева Н.А. басшылық еткен кезеңде кәсіби мектепте жаңа мамандықтарды ашу, заманауи ғылыми-техникалық талаптарға сай, материалдық-техникалық базаны жабдықтау бойынша түбегейлі өзгерістер енгізілді. С.Жандосов атындағы №11 кәсіптік мектеп "Үздік кәсіби мектеп" байқауында облыстық деңгейде I орынды, республикалық деңгейде II орынды жеңіп алды.
2003 жылы Несипбала Абеновнаның бастамасымен жеке меншік "Қаскелең Гуманитарлы-Техникалық колледжі" білім беру мекемесі құрылды. Колледждің ашылу мақсаты Қарасай ауданы экономикасының, шағын және орта бизнестің қарқынды дамуы, бірлескен кәсіпорындардың құрылуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, оларға білікті кадрлар даярлау қажеттілігі және жергілікті жастардың сапалы білім алуына жол ашып, даярлау болды.
2006-2015 жылдары аралығында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жұмысын жақсарту мақсатында Швецияға, Германияға, Португалияға, Жапонияға тәжірибе алмасу жұмыс сапарымен барып келді.
Португалия елінде, ЕБҚ (Еуропалық білім беру қоры) "Кедейлікті төмендету дағдыларын дамыту" тақырыбымен халықаралық жобасына қатысты, сапа менеджментін енгізу бойынша Жапонияға барды.
2009 Несипбала Абеновна ТжКББ мекемелерінің жүйесіне сапа менеджментін енгізудің бастамашысы болды. Қаскелең Гуманитарлы-Техникалық колледжі оқу үрдісіне СМЖ енгізу бойынша облыстық эксперименттік алаңына айналды. Сол жылы колледж Қазақстан сапа менеджменті академиясы (КАМК) Qulity Austria компаниясының білім беру қызметтерін көрсету саласында СМЖ енгізу фактісін растайтын сертификат алды.
Н.А.Абдильдаеваның басшылығымен ИСО-ны енгізу колледждің және оның оқытушылар құрамының тиімділігі мен табыстылығының дәлелі болып табылады.
Білім беру саласындағы бәсекелестік жағдайында колледжде оқу корпусы қайта жаңғыртылып, заманауи спорт залы салынды. Жаңа ғылыми технологиялар мен заман талаптарына сай материалдық-техникалық база жаңартылуда.
2015 жыл – ұлттық саралау нәтижесінде колледж алтын жалатылған "Сала көшбасшысы-2015" медалімен марапатталып, "Сала көшбасшысы-2015" Ресми ұлттық сертификатына ие болды.
2016 жыл - "Техникалық және кәсіптік білім берудің үздік оқу орны" атты облыстық байқауында колледж III орынды иеленді.
Колледждің 17 жылдық жұмысында сұранысқа ие мамандықтар бойынша 1900-ден астам мамандар даярланды, олар қаланың, ауданның, облыстың және республикалық мекемелерде, ұйымдарда және кәсіпорындарда табысты қызмет атқаруда.
Ұзақ жылғы адал еңбегі, жастарға білім беру мен тәрбиелеу ісіне қосқан зор үлесі үшін Н.А. Абдильдаева ҚР Білім және ғылым министрлігінің "Ы. Алтынсарин", "ҚР Білім беру үздігі", "ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілерімен, "Еңбек ардагері" медалімен, ҚР Тәуелсіздігінің 10, 20 жылдығына, Астананың 10, 20 жылдығына, Қазақстан халықтары Ассамблеясының 25 жылдығына, ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Алматы облысы әкімінің, Алматы облыстық білім басқармасының грамоталарымен марапатталған.
Несипбала Абеновна Абдильдаеваға ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін "Алматы облысы Қарасай ауданының Құрметті азаматы" атағы берілді.